Ол қамзолды өзі сыйлады деп те айтқандар болғанын жасырмады
Танымал актриса, «Қыз Жібек» рөлін сомдаған Меруерт Өтекешева Мая Бекбаеваға берген сұхбатында продюсер Баян Алагөзованың қолына түскен кино жәдігер – фильмге түскенде киген камзолына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Актрисаның айтуынша, қайта құру кезеңінде көп кино жәдігері жоғалып кеткен.
«Бұл жәдігерді Баянның үстінен алғаш рет көрдім. Көпшілік оның бұл камзолды киіп көргенін ұнатпады. Дегенмен, шығармашылық адамдары өте сезімтал келеді. Ол сол сәтте «Қандай керемет» деп қабылдады. Жібек камзол оған жарасып, мүсініне де үйлесіп тұрды. Бұл – оның ішкі сезімінің көрінісі ғана. Баян Алагөзова бұл камзолды, әрине, сақтап қояды. Ал болашақта оны өзінің үйіндегі мұражайға қоя ма, әлде Ұлттық мұражайға табыстай ма, оны өзі шешеді. Тіпті, «бұл камзолды мен сыйладым» деген әңгімелер де тарап кетті. Бірақ шын мәнінде, ол өте жақсы күйде сақталған»,- деді актриса.
Меруерт Өтекешеваның айтуынша, бұл камзол өте құнды, бағалы материалдардан тігілген.
Еске салсақ, осыған дейін Баян Алагөзова «Қыз Жібек» картинасына арнайы тігілген қамзолдың өз қолына түскенін көрсетті. Бұл желіде қызу талқыланып, қамзолды музейге қайтару жайлы ұсыныс тастаған еді.