Полиция жол ережесін бұзатын жүргізушілерге ескерту жасады
Павлодарда «Гелендваген» жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолымен жүріп, өзге де жол ережелерін бұзғаны үшін көлігінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 3 мамыр күні Никитин көшесі, 1 мекенжайында Mercedes Brabus маркалы автокөлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелері мен жол әдебін елемей, жаяу жүргіншілер аймағын көлік жүретін жолға айналдырған.
«Құқық бұзушы жедел түрде анықталды. Оған қатысты бірден төрт әкімшілік хаттама толтырылды: жаяу жүргіншілер жолымен жүру, оңға бұрылғанда жарық белгісін қоспау, рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқару және 3.2 жол белгісінің талаптарын сақтамау», – деді Павлодар қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Нәтижесінде қымбат көлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция еске салады: көліктің маркасы мен бағасы жолда ешқандай артықшылық бермейді. Қоршаған орта мен ережелерді елемейтін жүргізушілерге қарсы жұмыс өңірде тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.