Үкімет көші-қон саясатын түбегейлі реформалауды жоспарлап отыр
Қазақстан Үкіметі елдің экономикалық дамуына серпін беру мақсатында көші-қон саясатын түбегейлі реформалауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, ендігі кезекте әкімшілік шектеулерден гөрі, ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияға басымдық берілмек.
Реформаның басты бағыттарының бірі – көші-қон саласында «сервистік мемлекет» үлгісін қалыптастыру. Бұл шетелдік азаматтардың түрлі органдарға табалдырық тоздырмай, мәртебесі мен рұқсат қағаздарын бір жүйе арқылы рәсімдеуіне мүмкіндік береді.
Құжаттарды цифрландыру арқылы өтініштерді қарау мерзімі қысқарып, бюрократиялық кедергілер жойылады. Сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың транзакциялық шығындары азаяды.
Экономикаға қажетті жоғары білікті мамандар мен ірі инвесторлар үшін «Алтын виза» құралы енгізіледі. Бұл мәртебе өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жоба бастаған кәсіпкерлерге елде тұрақтап, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасайды.
«IT, медицина немесе инженерия саласындағы тапшы мамандар үшін заңдастыру және жұмысқа орналасу кезеңдері жеңілдетіледі», — деп атап өтті Аида Балаева.
Жоғары технологиялық салалардағы мамандардың дипломы мен біліктілігін растау мерзімі де қысқармақ. Бұл ретте сапа мен қауіпсіздік талаптары технологиялық тиімділікке негізделеді.
Үкіметтің бұл қадамы Қазақстанның жаһандық деңгейде инвестиция мен технология үшін бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.