Шымкентте өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тізгінде көлік иесінің туысы отырғаны белгілі болды

Фото: © istockphoto.com

Шымкент полицейлері қала көшелерінде жарыс ұйымдастырып, жол қозғалысына қауіп төндірген ұрыны дер кезінде тоқтатты. Көлікті рұқсатсыз айдап кеткен ер адамның жүргізуші куәлігі де болмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға Шымкент тұрғынының полицияға көлігінің жоғалғаны туралы арыздануынан басталған. Тәртіп сақшылары дереу «Ұстау» арнайы жоспарын іске қосып, барлық патрульдік экипажды жұмылдырды.

Көп ұзамай күдікті мінген автокөлік қала көшелерінің бірінде көзге түсіп, қоршауға алынды. Полицияның тоқтау туралы заңды талабына бағынбаған жүргізушіні құрықтау кезінде тізгінде көлік иесінің туысы отырғаны белгілі болды. Ол орта дәрежелі мас болған және жүргізуші куәлігі болмаған.

Ұсталған азаматтың әрекеті тек мүлікке емес, айналадағы адамдардың өміріне де үлкен қауіп төндірген. Ол өз ісіне өкінудің орнына, полицияға қарсылық көрсетуге тырысқан.

Қазіргі уақытта автокөлік мамандандырылған айып тұрағына жеткізілді. Көлікті заңсыз иемдену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті сот шешімімен қамауға алынды.