Маңғыстауда швейцариялық туристер мінген автоүй аударылып кеткен

Автор: Дәулет Ботагөз

Құтқарушылар саяхатшыларға көліктен шығуға көмектесіп, оларды қауіпсіз жерге шығарған

Фото: © istockphoto.com

«Бейнеу – Ақтау» тасжолында Швейцариядан келген саяхатшылардың автоүйі бүйіріне аударылып қалған. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары шетелдік қонақтарға дереу көмекке келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Маңғыстау облысындағы негізгі күре жолдардың бірінде шетелдік нөмірі бар автоүй кенеттен аударылып кеткен. Ішінде Швейцарияның екі азаматы болған. Оқиға туралы хабар түскен бойда облыстық ТЖД құтқарушылары белгіленген орынға жедел жеткен.

Мамандар бірден көліктен өрт шығу немесе жанармай төгілу қаупін тексерген. Саяхатшыларға көліктен шығуға көмектесіп, оларды қауіпсіз жерге шығарған.

«Құтқарушылар қонақтарды жақын маңдағы Бейнеу ауылына дейін шығарып салып, қонақүйге жайғастырды»,— делінген ресми хабарламада.

Шетелдік туристерге медициналық көмек қажет болмады. Қазіргі уақытта олар қауіпсіз жерде, ал көлікті жолдан алу және оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.