Еліміздің екі қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл қалаларда ауаның ластану деңгейі артуы мүмкін

Фото: © istockphoto.com

2 мамыр күні Қазақстанның екі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болады. Мамандардың болжамынша, Ақтөбе мен Орал қалаларында ауаның ластану деңгейі артуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар бірнеше табиғи фактордың жиынтығынан түзіледі. Мысалға, баяу жел, қалың тұман және инверсия. Осы жағдайлардың салдарынан атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар тарап кетпей, бір жерде жиналып қалады. Бұл қала тұрғындарының тыныс алуын қиындатып, ауа сапасы айтарлықтай нашарлайды.

Ауаның ластануы, әсіресе созылмалы ауруы бар жандарға, балалар мен жүкті әйелдерге кері әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты синоптиктер мен дәрігерлер келесі ережелерді сақтауға кеңес береді:

1. Мүмкіндігінше тас жолдар мен өндіріс орындарының маңында серуендеуден бас тарту керек.

2. Ашық аспан астында спортпен шұғылдануды уақытша тоқтатып, жаттығуларды жабық кешендерде өткізген жөн.

3. Тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады.