Сот талқылауы аяқталуға жақын
Ақтау қалалық сотында Ақтау теңіз сауда портының бұрынғы басшысы Абай Түрікпенбаевқа қатысты сот процесі шешуші кезеңге келді. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Абай Түрікпенбаев 2025 жылдың сәуір айынан бері қамауда отыр. Жарты жылға созылған сот процесінде жинақталған материалдардың көлемі 83 том. Онымен бірге тағы үш адам айыпталушы ретінде танылған.
Прокуратура Абай Түрікпенбаевқа 8 жылға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік қызметте лауазымды жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салуды талап етіп отыр. Ал екінші айыпталушыны 8 жылға соттап, мүлкін тәркілеуді сұрады. Сондай-ақ сыбайластарға лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін әрқайсысына 1 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын талап етуде.
Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың әрқайсысынан порт пайдасына 1,8 миллион теңге өндіруін сұрады.
Абай Түрікпенбаевтың қорғаушысы Радик Өмірболат сотта тағылған айыптардың негізсіз екенін алға тартты. Оның айтуынша, тергеу барысында бірқатар процессуалдық заңбұзушылыққа жол берілген.
«Бірде-бір куәгер айыптау тарабының уәждерін растаған жоқ. Тарифтер бойынша деректерді жинаған мамандардың бұл салаға қатысы жоқ, олар теміржол тасымалы бойынша жұмыс істейді. Тиісті өкілеттігі жоқ тұлғалардың дәлелдеме жинауы заңға қайшы», — деді қорғаушы.
Адвокат соттан жинақталған материалдардың бір бөлігін жарамсыз деп тануды және істен алып тастауды сұрады.
Сот талқылауы аяқталуға жақын. Ақтау портының бұрынғы басшысы мен оның сыбайластарына қатысты түпкілікті үкім жақын арада жарияланады деп күтілуде.