Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша алуға болатын ең төменгі сома жаңа әдіспен есептелетін болды

Автор: Аягөз Құрмаш

Министрлік енді ең төменгі шекті есептегенде, бірнеше факторды ескермек 

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға арналған ең төменгі жеткілікті шекті айқындау әдістемесін қайта қарау себептерін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, алдағы өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қарттық кезеңде лайықты зейнетақы алуына кепілдік беру.

Министрлік зейнетақы жинақтары ең алдымен зейнетке шыққаннан кейінгі тұрақты табыс көзі екенін атап өтті. Сондықтан бұл қаражатты кез келген уақытта шешіп алуға болатын депозит ретінде қарастыру дұрыс емес. Әсіресе, болашақ зейнетақысы мемлекеттік базалық төлем мен жеке жинақтарына тәуелді болатын жас қазақстандықтар үшін қаржыны сақтау аса маңызды.

Қазіргі қолданыстағы әдістеме бойынша азаматтар жеткілікті шегінен асатын қаражатты пайдалана алады. Алайда бұл тәсіл көбіне «мінсіз» сценарийге негізделген: яғни адам зейнет жасына дейін тұрақты түрде жарна аударып, қажетті соманы толық жинайды деген болжамға сүйенеді. Ал іс жүзінде жұмыссыздық, табыстың тұрақсыздығы сияқты факторлар ескерілмейді.

Сонымен қатар, соңғы үш жылда ең төменгі шек өзгермей келген, бұл да жаңа өзгерістерге негіз болған. 

Осыған байланысты министрлік экономикалық тұрғыдан негізделген жаңа есептеу әдістемесіне көшеді. Енді қордан алуға болатын шектің ең төменгі сомасы есептелгенде, адамның болжамды өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыстылық және болашақ төлемдердің мақсатты деңгейі ескерілмек.

Мысалы, 46 жастағы салымшының шотында 11 млн теңге болса, оның жасына сәйкес ең төменгі шек  7,8 млн теңге. Бұл жағдайда ол 3,2 млн теңгені шешіп ала алады.

Алайда осы соманы пайдаланған жағдайда, болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын ай сайынғы төлем ең төменгі деңгейде қалыптасуы мүмкін. Қазіргі есеп бойынша бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы, яғни шамамен 35,6 мың теңге.

Ал жинақтағы қаражатты сақтап қалған жағдайда, болашақ зейнетақы көлемі шамамен 2–2,5 есе жоғары болуы ықтимал.

Жаңа әдістеменің негізгі мәні – азаматтар бүгін жинақтың бір бөлігін пайдаланса да, ертең лайықты зейнетақы алуға жеткілікті қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету. Осылайша мемлекет ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты күшейтіп, әрбір қазақстандықтың қартайғанда сенімді әлеуметтік қорғанысын қамтамасыз етуді көздейді.