Маңғыстауда емші пациентінің мойнынан қатты қысып, өлтіріп қойған: ол түрмеге отырмайтын болды

Автор: Асыл Арман

Оған қатысты үкім жеңілдетілді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Маңғыстау облысында ер адам «емшіге» барып, емін қабылдау барысында көз жұмды. Әйел адам осы ісі үшін сотталып, кейін оған қатысты үкім жеңілдетілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy  агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, Ақтау қалалық емханасында медбике болып жұмыс істейтін 49 жастағы әйел арнайы білімі мен лицензиясы жоқ болғанмен, үйінде халықтық емдеу қызметін көрсеткен. Сот мәліметінше, 2025 жылғы 26 қарашада шамамен 20:30-да Маңғыстау ауылының Мұнайлы ауданындағы үйіне «емделуге» келген ер адамның тамағын қолымен қатты қысып, салдарынан сол жерде тіл тартпай кеткен.

Мұнайлы аудандық соты 19 наурызда оны абайсызда адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін (ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігі) кінәлі деп танып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда сот ҚР ҚК 74-бабына сәйкес жазаны өтеуді кейінге қалдырған, себебі сотталған әйелдің кәмелетке толмаған баласы бар.

Жазаға келіспеген қорғаушылар апелляциялық шағым түсірген. Олар әйелдің кінәсін толық мойындағанын және жәбірленуші тараптың кешірім бергенін атап өткен.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар толық ескерілмеген деген қорытындыға келген. Сондай-ақ қылмыс кішігірім ауырлық санатына жататыны және бап санкциясында баламалы жаза түрлері қарастырылғаны айтылған.

Нәтижесінде апелляциялық сот үкімді өзгертіп, әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен шектелген бостандықты шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған емшілікпен айналысуға тыйым салынды.