«Ағайынды алтаумыз»: «Астана» арнасында отбасылық құндылықты дәріптейтін жаңа сериал басталады

Автор: Асыл Арман

Туынды 16 сериядан тұрады. Әрқайсысының ұзақтығы – 40 минут

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

«Астана» арнасында жуырда жуырда көрермендер назарына «Ағайынды алтаумыз» жаңа сериалы жол тартады. «Шымкент шоу» театрының ұжымы қолға алған жаңа туынды отбасылық құндылықты дәріптейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дастархан басына жиналған ағайындылар. Жарасбай ақсақал мен оның алты ұлы және келіндері. Жаңа туындыға «Шымкент шоу» театрының актерлары орындап жүрген «Ағайындылар» интермедиясы арқау болған. Бұл – оның толықтырылған нұсқасы.

«Бірінші ұсынысты негізі халықтың өзі тастады. Осыны неге «Күлпәш» сияқты сериал етіп түсірмейсіздер деген идея беріп, «Астана» каналына арнасына осындай ұсыныс айттық. Олар да ұсынысымызды бірден қабылдап, нәтижесінде «Ағайынды алтаумыз» деп аталатын осы комедиялық өзіміздің қазақы менталитетке комедиялық сериал түсіріп жатырмыз», – дейді идея авторы Берік Тұрсынбеков.

Туынды 16 сериядан тұрады. Әрқайсысының ұзақтығы – 40 минут. Әр бөлімі ағайындылардың проблемалары арқылы түрлі оқиғадан құралады. Жоба авторлары алты жігіт арқылы қоғамдағы ер азаматтардың тіршілігін қазақы әзілмен, қағытпа қалжыңмен шытырман оқиғалар арқылы  көрсетуге тырысады. Сонымен қатар отбасы құндылығы, ағайын арасындағы сыйластық пен ауызбіршілік, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынас кеңінен суреттеледі.

«Отбасылық құндылықтар, бауырлар арасындағы ара қатынас. Үлкен, ғаламдық проблемалар емес, орташалау қиындықтар. Себебі, ең бастысы шынайылық қажет. Шынайылық болғандықтан сол арқылы көрермен өзін көруі керек. Міне, осыған екпін беріп, сүйемелдеп, алып келе жатырмыз», – дейді жоба режиссері Күнболат Жусанбеков.

Қазір түсірілім жұмысы күні-түні жүріп жатыр. Көрерменге ұнайды деген ойдамыз дейді жоба продюсері.

«Мамыр айында барша көрерменге жол тартады. Көрерменнің көңілінен шығып, ұнайды деген ойдамыз. Бізге қолдау білдіріп, қаржыландырып, сенім білдіріп отырған «Астана» телеарнасына алғысымыз шексіз», – дейді жоба продюсері Сырым Жәнібек.

Сериал Шымкент қаласы аумағында түсіріліп жатыр. Идея авторлары елдегі үшінші мегаполистің көрікті жерлерін көрсетіп, қонақжай шаһардың ішкі тіршілігін кеңінен таныта түсуді көздегендерін айтады.

«Ағайынды алтаумыз» сериалының кейіпкерлері:

  • Жақсыбай – жасы 70 ке тақаған, әулеттің ақсақалы. Кемпірі қайтыс болғалы, қара шаңырақта үйленбеген кіші баласы екеуі тұрады. Әзілқой, қыңыр мінезді қария.
  • Ілесбай (Берік Тұрсынбеков) – Жақсыбайдың үлкен ұлы. Жеке ауруханада дәрігер. Ақылды, байсалды, інілеріне жол көрсетіп жүретін, көмектесетін кейіпкер. Жұбайы Райхан – өзі секілді биязы, ақылы мол келіншек.
  • Оразбай (Дәурен Жұмаділов) – Жақсыбайдың екінші ұлы. Салық қызметінде жұмыс істейтін, қызу мінезді кейіпкер. Орысша білім алып, орыс әйел алып, қазақша әзер сөйлейді. Әйелінен қатты қорқады. Қазақ тілін жартылай түсінетіндіктен, қиындықтар туындайды. Жұбайы – Маргарита.
  • Құласбай (Михон) – Жақсыбайдың үшінші ұлы. Мешітте имам болып қызмет атқарады. Тістеп сөйлеп, әзілдеп жүреді. Бауырлар арасында Мықтыбаймен жақын байланыста. Жұбайы жұрттың көзінше орамал таққан, өте момын әйел болып көрігенімен, оңашада күйеуі екеуінің ісі бөлек, ойын ойнағанды ұнатады.
  • Мықтыбай (Наконай) – Жақсыбайдың төртінші ұлы. Құқық қорғау органында тергеуші қызметін атқарады. Бауырлардың ішінде ең пысығы, пайдакүнемі. Оразбайды алдағанды жақсы көреді. Жұбайы Бағила Маргарита мен Райханға еліктеп сәнқой болғысы келеді.
  • Түктібай (Ерлан) – Жақсыбайдың бесінші ұлы. Тұтығып сөйлейтін, бауырлар арасындағы ең жуасы. Сөйлейтін болса тек билеп, әндетіп қана айтады. Үлкен зертханада ғалым болып жұмыс істейді. Жұбайы Майра – ақкөңіл, үлкенді сыйлайтын, момын келіншек.
  • Құттыбай (Саят) – үйдің ең кенже баласы. Студент. Үйленбеген бойдақ. Әкесімен сөз таластырып, екеуі әзілдесіп жүреді.