Алматыдағы ауаға тарайтын зиянды шығарындылардың шамамен 60%-ы автокөліктен келеді
Алматыда ауаға таралатын зиянды шығарындылардың басым бөлігі автокөліктерден келеді. Қаладағы жалпы ластанудың шамамен 60%-ы немесе жылына 113 мың тоннаға жуығы көлік үлесіне тиесілі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, агломерация бойынша жалпы шығарынды көлемі 225 мың тонна шамасында, оның 189 мың тоннасы тікелей қала аумағына тиесілі.
Ластанудың екінші негізгі көзі – энергетика саласы (шамамен 24%), одан кейін бизнес нысандары мен жеке сектор үлесі шамамен 16%.
Экологиялық ахуалды жақсартудағы негізгі бағыттардың бірі – газдандыру. Қазіргі таңда жеке сектордың 99,6%-ы табиғи газға қосылған. Сонымен қатар 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-ны газға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар 2027 жылға қарай шығарындылар көлемін 50 мың тоннадан 4 мың тоннаға дейін қысқартуға, яғни 92%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
«Жыл басынан бері құзырлы органдар автокөліктер мен автобус парктерін тексеріп, коммуналдық техниканың экологиялық талаптарға сәйкестігін бақылауда ұстап отыр. Шағын және орта бизнес те назардан тыс қалмаған: қаладағы қатты отын пайдаланатын 760 нысанның 110-ы 2026 жылдың алғашқы тоқсанында экологиялық таза отынға көшкен немесе сүзгі жүйелерін орнатқан. Жалпы қабылданып жатқан шаралар ауа сапасын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта бақылау күшейтіліп, Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидалары кезең-кезеңімен енгізіле береді», – делінген әкімдік хабарламасында.