Екі адамның денесінің 40 пайызына жуығы зақымданған
Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы сүт кәсіпорнында жарылыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Sinegor.kz басылымына сілтеме жасап.
Өрт пен қираудың алды алынды, алайда екі жұмысшы ауыр күйік алып, шұғыл түрде Астана қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға кәсіпорынның жерасты резервуарынан отын жеткізілетін қоймада газдың шығуы себеп болған.
Жарылыс салдарынан зардап шеккен екі адам да қолы, аяғы және бет тұсынан термиялық күйік алған, денесінің 40 пайызына жуығы зақымданған.
Оқиғаның мән-жайын полиция мен тиісті қызметтер анықтап жатыр.