10 қалада ауа сапасы нашарлайды: синоптиктер ескерту жасады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қолайсыз метеожағдайлар ластаушы заттардың жиналуына әкелуі мүмкін

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның бірқатар ірі қалаларында 30 сәуірде ауа сапасы нашарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазгидромет мәліметінше, Көкшетау, Өскемен, Семей, Риддер, Талдықорған, Алматы және Астана қалаларында күндіз, ал Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларында түнгі уақытта қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады.

Мамандар мұндай құбылысты желдің болмауы, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың тоғысуымен байланыстырады. Соның салдарынан зиянды заттар ауа қабатының төменгі бөлігінде шоғырланып, қала ауасының сапасын күрт төмендетеді.

Осындай кезеңде тұрғындарға ашық ауада ұзақ жүруден, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңында болудан бас тарту ұсынылады. Ал тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар азаматтарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін бірге алып жүру маңызды.