Қазақстанның барлық өңірінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Түлектердің ағаш егуі» эко-челленджі бір мезгілде ұйымдастырылып, оған 100 мыңнан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды бастама 9 және 11 сынып түлектерін қамтып, олар мектеп аумақтарында, саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерде ағаш отырғызды.
Осылайша жас ұрпақ елді мекендерді көгалдандыруға нақты үлес қосып, табиғатқа жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараның бел ортасында жүрді.
Эко-челлендж соңғы жылдары тұрақты дәстүрге айналған. Биыл бұл шара еліміздің барлық білім беру ұйымдарында төртінші рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бастама тек ағаш отырғызумен шектелмей, оқушылардың экологиялық санасын арттыруды көздейді.
Сонымен қатар, барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланып, оның аясында бірқатар танымдық және тәрбиелік іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» секілді даталар кеңінен аталып өтті.
Бұл шаралар оқушыларды кітап оқуға, қоғамдық белсенділікке және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулуға бағытталған. Бұдан бөлек, «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» акциясы аясында мектептер мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Апта басында «Келешек мектептері» жобасының оқушылары да сенбілікке қатысып, экологиялық бастамаларды қолдаған еді.
Сарапшылар мұндай бастамалар жас буынның азаматтық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға ықпал ететінін атап өтеді.