Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралып жеке компаниялардың қызметінен бас тарту туралы шешім қабылданған
Қазақстанда мобильді телефондарды тіркеу және верификациялау қызметін толықтай мемлекет жүзеге асыруы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралып, IMEI-кодтарды тексеру саласында жеке компаниялардың қызметінен бас тарту туралы шешім қабылданған.
«Мемлекеттік монополияға көшу туралы шешім қабылданды. Яғни, телефондарды верификациялау қызметін тікелей мемлекеттік ұйым көрсететін болады», – деді вице-министр.
Қазіргі уақытта тиісті заңнамалық түзетулер Мәжілісте қаралып жатыр. Егер депутаттар бұл бастаманы қолдаса, бақылау функциялары мемлекетке толық тиесілі компанияға беріледі.
Қазір бұл қызметті ATS Mediafon KZ жеке компаниясы атқарып келеді. Ведомствоның мәліметінше, функцияларды мемлекетке беру елге жеткізілетін мобильді құрылғылар нарығын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.