Түркістан облысында 1000-ға жуық мал шетелге заңсыз әкетілмек болған (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде өткізу бекеттерінің бірінде қолға түсті

Фото: Видеодан скрин

Түркістан облысында 1000-ға жуық ұсақ мал жүк көлігімен шетелге заңсыз әкетпек болғандар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, жекелеген тұлғалар жалған құжаттарды және қалыптасқан арналарды пайдалана отырып, малды заңсыз шығаруды ұйымдастыруға әрекеттенген.

24 сәуір күні Түркістан облысында жедел ақпаратты іске асыру барысында малды заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды. Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде өткізу бекеттерінің бірінде шамамен 1000 бас ұсақ мал тиелген бірнеше жүк көлігі ұсталды.

Осылайша ауыл шаруашылығы жануарларын елден заңсыз шығаруға жол берілмей, ішкі нарыққа кері әсердің алдын алуға және тапшылық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік туды.

«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Жануарлар мен көлік құралдары тәркіленді. Осындай арналарды анықтау және жолын кесу бойынша жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп, заңдылықты қамтамасыз етуге және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қорғауға бағытталған», – делінген ІІМ хабарламасында.