Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт салынады

Автор: Дәулет Ботагөз

Дайындық жұмыстары өз мәресіне жетті

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіретін зауыт құрылысының дайындық жұмыстары өз мәресіне жетті. Жақын арада Алатау ауданында құрылыс жұмыстары басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Стратегиялық маңызы бар бұл жоба Қытайдың Junxin Environmental Protection компаниясының қатысуымен жүзеге асырылмақ. Зауыт құрылысына құйылатын инвестиция көлемі 280 миллион доллардан (шамамен 130 миллиард теңге) асады.

Жоба Алатау ауданында салынады және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған заманауи технологияларды қолданады.

Әкімдік мәліметінше, жаңа кәсіпорын тек қоқыс полигондарын азайтып қана қоймай, қаланың энергия жүйесіне қосымша қуат береді. Зауыт арқылы тәулігіне 2 мың тоннаға дейінгі қалдық және энергия жүйесі үшін 60 МВт-қа дейін қуат өндіріледі.

Бұл зауыт қалдықтарды жағу арқылы электр қуатын алатын еліміздегі ірі нысандардың бірі болмақ.