Ақтаудағы кәсіпорындардың бірінде екі жұмысшы химиялық күйік алды

Автор: Дәулет Ботагөз

Қышқыл ерітіндісін айдау арнайы сорғы мен шланг арқылы жүзеге асырылған

Фото: © istockphoto.com

Ақтау қаласындағы «МАЭК» ЖШС нысанында жазатайым оқиға болды. Екі жұмысшы тұз қышқылына күйіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға қалай болды?

Еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жағдай 23 сәуір күні сағат 10:30-да болған. Мәлімет бойынша, екі қызметкер ГТПИ-3 қондырғысының конденсаторын қышқылмен жуу жұмыстарын жүргізген.

Қышқыл ерітіндісін айдау арнайы сорғы мен шланг арқылы жүзеге асырылған. Алайда жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін, шлангты ағыту кезінде қауіпті сұйықтық сыртқа шашыраған. Салдарынан химиялық ерітінді жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.

Зардап шеккендер бірден Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. 

«Жұмыс беруші бұл жағдай туралы Еңбек инспекциясы департаментіне белгіленген тәртіппен хабарлады. Қазіргі уақытта жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы медициналық қорытындыны күтіп отырмыз. Егер жағдай ауыр немесе топтық жазатайым оқиға деп танылса, мемлекеттік инспектордың қатысуымен арнайы тергеу жүргізіледі», — деді департамент басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов.

Кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы тергеу барысында анықталады.