Еліміздің жеті қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Мамандар тұрғындарға далаға шығуды шектеуге кеңес берді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

25 сәуірде Қазақстанның бірнеше қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады. Мамандар тұрғындарға далаға шығуды шектеуге кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қай қалаларда ауа ластанады?

«Қазгидромет» мамандарының болжамынша, атмосфералық ауаның ластануы Алматы,Балқаш, Өскемен, Семей және Риддер қалаларында байқалады. Сондай-ақ, түнде Қарағанды мен Теміртау қалаларында да ауа сапасы күрт нашарлайды.

Қолайсыз метеожағдай деген не?

ҚМЖ – бұл жерге жақын атмосфера қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін факторлардың жиынтығы. Оған әлсіз жел, тұман және инверсия жатады. Мұндай ауа райы кезінде өндіріс орындары мен көліктерден бөлінетін түтін сейілмей, қала үстінде шоғырланып қалады.

Сақтық шаралары

Ауаның ластану деңгейі артқан кезде мамандар мынадай сақтық шараларын сақтауды ұсынады:

Ашық аспан астында, әсіресе тас жолдар мен өндіріс орындарының маңында жүру уақытын барынша азайту;

Үй ішін желдетуді шектей тұру;

Өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық дертке шалдыққан жандар қажетті дәрі-дәрмегін өзімен бірге алып жүргені абзал.