Кекпен келген соққы: шекара қызметкерін ұрғандарға үкім өзгеріссіз қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Кассациялық сот Үржардағы шабуылды қасақана жасалған ауыр қылмыс деп таныды

Фото: © freepik.com

Абай облысында шекара қызметкеріне жасалған шабуыл ісі бойынша кассациялық саты түпкілікті шешім қабылдап, төменгі соттардың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалдарына сәйкес, 1 қыркүйек күні Үржар ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері Д. қызмет барысында жүк көлігінің жүргізушісі К.-ның әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын анықтап, ескерту берген. Алайда сол түні құқық бұзушы К. өзінің танысы А.-мен бірге алкогольдік масаң күйде қызметкердің үйіне әдейі барған.

Кассациялық сот мәліметінше, олар жәбірленушіні сыртқа шығарып, оған бірнеше мәрте соққы жасаған. Шабуыл кезінде өмірлік маңызды ағзаларға бағытталған күш қолданылып, жәбірленуші қашуға әрекеттенгенімен, күдіктілер оны қуып жетіп, әрекеттерін тоқтатпаған. Соның салдарынан шекара қызметкерінің жақ сүйегі мен мұрын сүйегі сынған, ол бірнеше рет стационарлық ем алып, хирургиялық операциялардан өткен.

Сот алқасы бұл әрекетті кездейсоқ емес, алдын ала ойластырылған кек алу ниетімен жасалған қылмыс деп бағалады. Шабуылдың сипаты мен қолданылған күштің деңгейі жәбірленушінің өміріне нақты қауіп төндіргені атап өтілді.

Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 380-бабы 6-бөлігі 4) тармағы бойынша К. мен А. кінәлі деп танылып, амнистия актісі қолданылғанына қарамастан, әрқайсысы 8 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сот тағайындаған жаза жасалған әрекеттің ауырлығына сай әрі әділ деп танылды.