Сарқандағы «Қойтас» кеңейеді: эко-саябақ аумағы 20 гектарға жетпек

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жетісуда «Таза Қазақстан» аясында үш ірі эко-саябақ салынып жатыр

Фото: Дмитрий Ерофеев

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Сарқан қаласындағы «Қойтас» эко-саябағын кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметің ақпарынша, өңірге жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев нысанның қазіргі жағдайымен танысып, абаттандыру және кеңейту жобасын қарады. Облыс әкімдігінің мәліметінше, табиғи ландшафты сақталған саябақ 2022 жылы құрылған.

Соңғы екі жылда мұнда 850 метр жаяу жүргіншілер жолы салынды, жарықтандыру жүйесі орнатылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Балалар ойын алаңы, субұрқақ, 400 орындық амфитеатр, екі бақылау алаңы, 11 мүсін және шағын сәулет нысандары пайда болды. Сонымен қатар заманауи санитарлық торап салынып, 1220 түп ағаш отырғызылған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау жүйесі іске қосылған.

Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаевтың айтуынша, биыл саябақ аумағын 6 гектардан 20 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба аясында өзен жағалауы бойымен қайықпен серуендеуге арналған аймақ, демалыс орындары, этноауыл, «шахмат аралы», тюбинг трассалары, субұрқақ пен жасанды сырғанақ салу жоспарланған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолын Молалы көпіріне дейін ұзарту және қосымша жаяу көпір салу көзделген.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, эко-саябақты дамыту кезінде табиғи ортаға зиян келтірмеу басты қағида ретінде сақталады. Нысан кезең-кезеңімен жаңартылып, 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған.

Жалпы, Жетісу облысында 84 гектар аумақты қамтитын үш эко-саябақ бой көтереді. Олар – Талдықорғандағы «Тасбақа», Текелідегі «Серкесай» және Сарқандағы «Қойтас». Жобалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі