БҚО-да танысының үйінен ірі көлемде ақша ұрлаған күдікті ұсталды

Автор: Асыл Арман

Жалпы шығын 1,6 млн теңгеден асады

Фото: istockphoto.com

Оралда полиция қызметкерлері ірі көлемде ақша ұрлаған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, 6-20 сәуір аралығында 35 жастағы күдікті жәбірленушімен таныс бола отырып, пәтеріне емін-еркін кіріп, жатын бөлмесінен ақша ұрлаған.

45 жастағы облыс тұрғынына келтірілген жалпы шығын 1,6 млн теңгеден асады. Оның ішінде ұлттық және шетел валютасындағы қаражаты болған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап, ұрланған ақшаны қарыздарын өтеуге жұмсағанын түсіндірді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.

Полиция азаматтарды кез келген сәтте сақ болуға шақырады.