Ақын Маралтай Райымбекұлының «Ақ батпырауық» жинағы жарыққа шықты

Автор: Асқарова Қарлығаш

Кітаптың тұсаукесері IX Халықаралық «Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрмесі-жәрмеңкесі аясында өтті

Фото: Azattyq Rýhy

Астанада белгілі ақын Маралтай Райымбекұлының «Ақ батпырауық» кітабы көпшілікке таныстырылып, ақын-жазушылар мен поэзия сүйер оқырмандардың қатысуымен жаңа өлең жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Автордың айтуынша, бұл жинақ ұзақ уақыт бойы іште пісіп-жетілген ойлардың нәтижесі. Бір жыл бойы күн сайын өлең жазуды мақсат еткен ол шығармашылық тәртіп арқылы ішкі қордаланған дүниелерін қағазға түсіргенін айтады.

«Бұл кітап – адамның ішкі әлеміне үңілу, өмірдің мәнін іздеу. Шығармашылық жүрек секілді: бірде баяулайды, бірде үдейді. Кей ойлар уақыт өте қайта оралып, жаңа туындыға айналады», – деді ақын.

Кеште сөз алған ақын, жазушы Ақберген Елгезек 90-жылдардағы әдеби ахуалды еске алып, Маралтай Райымбекұлының сол кезеңде поэзиядан қол үзбегенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елде тоқырау күшейген шақта да ақын рухани сабақтастықты үзбей, кейінгі буынға жол көрсеткен.

 «Біз оны әдеби эстафетаны жалғап берген, қазақ поэзиясының жүгін көтеріп келген ақын ретінде бағалаймыз», – деді ол.

Ал ақын Қалқаман Сарин Маралтайды буындар арасын жалғаған тұлға ретінде сипаттады. Оның сөзінше, ақын алдыңғы буынмен бірге жүріп, сол рухани дәстүрді кейінгі толқынға жеткізген. Сондай-ақ ол Фариза Оңғарсынованың кезінде айтқан пікірін еске алып: «Қазақта атақсыз-ақ танылатын бір ақын болса, ол – Маралтай» деген сөзін тілге тиек етті.

Қазақтың ақын қызы Айгүл Түлеубаева болса, 90-жылдары әдебиеттің дағдарысқа ұшырағанын, кітап шығару мен қаламақы жүйесі тоқтағанын айтты. Осындай қиын кезеңде Маралтайдың шығармашылықтан бас тартпай, керісінше шыңдала түскенін де атап өтті.

«Егер сол кезде ол да тоқтап қалса, біздің буынның әдебиетке келуі әлдеқайда қиын болар еді. Оның поэзиясы – қазақ әдебиетінің қандай биікте болуы керектігін көрсеткен құбылыс», – деді ол.

Іс-шараға қырғыз жазушысы Сұлтан Раев қатысып, түркі халықтарының әдеби байланысы мен рухани ықпалдастығы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай кездесулер ортақ мәдени кеңістікті нығайта түседі.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Бауыржан Жұмағұлов, Нұрлан Төремұрат, Амантай Тойшыбайұлы және Оңайгүл Тұржан қатысты.