Нысан іске қосылғалы бері ауылда спортпен шұғылданатын азаматтар қатары айтарлықтай артқан
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар ел аумағында азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталып келеді. Батыс Қазақстан облысының Кеңтүбек ауылында тұрғындар көтерген сондай өзекті түйткілдің бірі – елді мекенде арнайы спорт нысанының болмауы еді. Ауыл тұрғындары, әсіресе жастар, спортпен көбіне тек жаз айларында шұғылданып, қыс мезгілінде немесе ауа райы қолайсыз болғанда жаттығуын тоқтатуға мәжбүр болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы жағдайды ескерген «AMANAT» партиясы ауылда заманауи спорт кешенін салу бастамасын қолға алды. Нысанның құрылыс жұмыстары партияның тұрақты бақылауында болды. Нәтижесінде барлық жұмыс белгіленген талаптарға сай, уақтылы әрі сапалы орындалып, Кеңтүбек ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Осылайша тұрғындар жыл мезгіліне қарамай, тұрақты түрде спортпен айналысу мүмкіндігіне ие болды.
Нысан іске қосылғалы бері ауылда спортпен шұғылданатын азаматтар қатары айтарлықтай артқан. Бүгінде кешенде таңғы уақыттан бастап кешке дейін балалар да, жастар да, ересектер де дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуда. Бірі денсаулығын нығайтуды мақсат етсе, енді бірі кәсіби спортқа алғашқы қадамын жасауда.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған кешен бір мезетте 400-ден астам адамды қабылдай алады. Онда әмбебап ойын алаңы, күрес пен жаттығу залдары, фитнес және тренажер бөлмелері бар. Әр бағыт бойынша жүйелі жаттығу жүргізуге барлық жағдай жасалған.
Соның нәтижесінде ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығы едәуір артты. Бұрын сырт алаңдарда немесе бейімделмеген орындарда әуесқой деңгейде жаттығып жүрген жастар, енді арнайы залда шеберлігін шыңдап, аудандық, облыстық жарыстарға белсене қатысуда.
«Ауылдағы ашық алаңдардара футбол ойнап келдік, ал қыста мүлде мүмкіндік болмайтын. Қазір жыл бойы жаттығу жасап, команда ретінде шыңдалып келеміз. Жарыстарға да қатыса бастадық. Әр ойын сайын нәтижеміз де жақсарып жатыр», – дейді ауыл тұрғыны Асылхан Жұматов.
Жаңа спорт кешенінің іске қосылуы ауылдағы әлеуметтік белсенділікті де арттырды. Тұрғындар арасында салауатты өмір салты кеңінен насихатталып, түрлі спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіле бастады. Бұл өз кезегінде азаматтардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жастарды пайдалы іске тартуға мүмкіндік беріп отыр.
Облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің айтуынша, мұндай жобалар нақты сұраныс негізінде жүзеге асырылып келеді.
«Біз нысанның салынуына ғана емес, оның нақты жұмыс істеп, халыққа пайдалы болуына да баса мән береміз. Кеңтүбектегі кешен – соның айқын дәлелі. Мұнда балалар да, жастар да, ересектер де тұрақты түрде спортпен айналысып жүр», – деді ол.
Жалпы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сыйымдылығы 1520 орындық 7 спорт нысаны ашылып, пайдалануға берілді. Бұл өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.