Ақтөбеде екі жүргізуші бір-бірімен жарысамын деп қымбат көліктерінен айырылды (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Олардың көліктері арнайы айып тұрағына қойылды

Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде полиция қызметкерлері Әлия Молдағұлова атындағы әуежайға барар жолда жарысқан екі жүргізуші анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бейнебақылау камералары күндізгі уақытта BMW және Chevrolet автокөліктерінің жоғары жылдамдықпен жүріп, қауіпті маневрлер жасап, іс жүзінде көше жарысын ұйымдастырғанын тіркеді. Олар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзгелердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.

«Жүргізушілердің жеке тұлғалары анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты тиісті баптар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, көлік құралдары арнайы айып тұрағына қойылды», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция департаменті жолдағы мұндай әрекеттердің жол берілмейтінін және оның ауыр салдары бар екенін ескертеді. Қауіпсіздікке қатер төндіретін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталып, заңнама аясында қатаң түрде жолы кесілетін болады.