Көкшетауда колледж бухгалтері 70 млн теңге ұрлап, көлік пен пәтер сатып алған
Оған осы қылмысы үшін сот үкімі шықты
Көкшетауда педагогикалық колледждің бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысы соттарының мәліметінше, Көкшетау қалалық соты әйелді ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (қызмет бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде ысырап жасау) бойынша кінәлі деп таныған.
Сот материалдарына сәйкес, ол 2021-2025 жылдар аралығында жүйелі түрде бюджет қаражатын жымқырған. Бухгалтер басшысының ЭЦҚ-сын пайдаланып, Online Bank жүйесінде жалған шығыс операцияларын рәсімдеп, колледж қажеттілігіне деп көрсетілген қаражатты шешіп алып отырған. Сонымен қатар өзіне заңсыз түрде жалақы қосып жазып отырған.
Осылайша ол жалпы 70 млн теңге көлемінде мемлекет қаржысын иемденіп, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, қаражаттың бір бөлігін несие мен қарыздарды жабуға, автокөлік пен пәтер сатып алуға жұмсағанын айтқан.
Сот оның кінәсін куәгерлердің айғақтары, аудиторлық қорытынды, банк құжаттары және сараптама нәтижелерімен дәлелденген деп таныды. Жазаны тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде кінәсін мойындауын және кәмелетке толмаған баласының болуын ескерді.
Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сонымен қатар автокөліктері мен тұрақ орны тәркіленіп, мемлекетке 65 млн теңге материалдық залалды өтеу міндеттелді (5 млн теңге бұрын өтелген).
Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот жазаны өтеуді 2027 жылғы 22 сәуірге дейін кейінге қалдырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.