Мәслихаттардағы мүдделер қақтығысы: депутаттар бюджет бөлуге қатысып, бизнес жүргізген жағдайда не істеу керек

Автор: Аягөз Құрмаш

Жергілікті деңгейдегі мәселелер бойынша нақты бөлініс сақталуы тиіс, деп санайды депутатар

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Мәжілісте жергілікті мәслихат депутаттарының коммерциялық мүддесі бар жобаларға дауыс беруіне шектеу қою ұсынылды. Депутаттар мұндай норманы заң жүзінде бекітуді көтеріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәслихаттардағы мүдделер қақтығысы мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жергілікті мәслихат депутаттарының едәуір бөлігі кәсіпкерлікпен айналысады және жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысады. Осыған байланысты ол мүдделер қақтығысы бар жағдайларда дауыс беруге қатысуды шектеуді ұсынды.

«21-1-бапқа қатысты мәселе. Сіздер мәслихат депутаттарының өкілеттігін кеңейтіп, оларға депутаттық сауалдарды жазбаша және сессияларда көтеру мүмкіндігін беріп отырсыздар. Мен мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай баруды ұсынамын. Кей жағдайларда депутаттық сауалдар өңір деңгейінде шешілмей, республикалық деңгейге шығаруға тура келеді. Мұндайда оларды Үкіметке, орталық мемлекеттік органдарға, тіпті Бас прокуратураға дейін жеткізу керек. Қазір депутаттық сауал тек әкімге немесе жергілікті атқарушы органдарға жолданады. Осыған қатысты сіздердің ұстанымдарыңыз қандай?», – деді депутат.

Екінші сұрақ мүдделер қақтығысына қатысты болды.

«Мәслихат депутаттары тұрақты негізде жұмыс істемейді, олардың көбі кәсіпкерлікпен айналысады. Мұндай жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін. Мысалы, ірі жоба іске асырылып жатыр, оның мердігері мәслихат депутатына байланысты компания болса, ал сол депутат қаржыландыруға дауыс беруге қатысады. Мен осындай жағдайда депутат өзіне тікелей немесе коммерциялық мүддесі бар мәселелер бойынша дауыс беруге қатыспауы тиіс деген норманы бекітуді ұсынамын», – деді Базарбек.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева бірінші сұрақ бойынша деңгейлер арасындағы функциялар нақты бөлінгенін айтты.

«Мәслихат – жергілікті деңгейдегі мәселелерді қарайтын орган. Егер мәселе орталық мемлекеттік органдарға қатысты болса, онда мәслихат депутаттары мен Мәжіліс депутаттарының өзара байланысын күшейту қажет. Сонда республикалық деңгейдегі мәселелер Мәжілісте қаралады, ал жергілікті мәселелер мәслихат деңгейінде шешіледі. Сонымен қатар депутаттық сауалдардың мазмұны мен көлемін де ескеру қажет, олар жария түрде айтылатын болады. Кейбір бағыттар бойынша, оның ішінде күштік органдарға қатысты мәселелерде қосымша пысықтау қажет болуы мүмкін», – деп жауап берді ол.

Оның пікірінше, жергілікті деңгейдегі мәселелер бойынша нақты бөлініс сақталуы тиіс.

«Ал екінші сұраққа келсек, мүдделер қақтығысына қатысты нормалар бойынша мұндай ұсыныстар екінші оқылымға дейін түссе, біз оны қолдаймыз. Бұл мәселе өзекті, оны жұмыс тобы аясында талқылап, ортақ ұстаным қалыптастыруға дайынбыз», – деді Мәжіліс депутаты.