Анасының зиратына тағы бір мәйіт жерленген: Қарағандыда эксгумациялау туралы шешім қабылдады

Автор: Асыл Арман

Зиратқа қатысты дауда эксгумация жүргізілетін болды

Фото: Видеодан скрин

Қарағандыда екі отбасы зираттағы бір қабірге байланысты дауды сот арқылы шешіп жатыр. Апелляциялық алқа мәйітті эксгумациялау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарағанды облысында жергілікті тұрғын Айгүл Жамиленова бірнеше айдан бері адвокатымен бірге анасының нақты қай жерде жерленгенін дәлелдеуге тырысып келеді. Оның айтуынша, анасы жерленген орынға бірнеше айдан кейін басқа адамның құлпытасы пайда болған.

Оның сөзінше, бұл жерді басқа отбасы иеленіп, онда өз туысын жерлеген көрінеді. Ал Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы дауды тек эксгумация арқылы шешуге болады деген қорытындыға келген.

Жағдайды күрделендірген жайт – зиратта жерлеу жұмысының нақты есебі жүргізілмеген. Соған қарамастан, екі тарап та өз уәжіне сенімді. ДНҚ сараптамасы мен эксгумация шығындарын талапкер өз мойнына алған.

Тараптар дауды бейбіт жолмен шеше алмағандықтан, іс апелляциялық сотқа жеткен. Екінші тараптың қарсылығына қарамастан, сот эксгумация жүргізуге рұқсат берді. Енді нақты шешімді сараптама нәтижесі көрсетеді.

Талапкердің адвокаты Бауыржан Ізтілеуовтің айтуынша, сот ДНҚ сараптамасы мен эксгумация жүргізу туралы қаулы шығарған. Оның пікірінше, бұл – дауды әділ шешудің маңызды қадамы.