Қазақстан мен Перу арасында экстрадиция туралы келісім күшіне енді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қос ел қылмыскерлерді өзара беру тәртібін заңдастырды

Фото: istockphoto.com

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Перу арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау жөніндегі заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі Azattyq Rýhy.

Құжат екі мемлекет арасындағы экстрадиция саласындағы құқықтық негізді нығайтып, қылмыстық қудалаудан жалтарған немесе сот үкімін орындаудан қашқан азаматтарды өзара беру тетігін бекітеді. Енді Қазақстан мен Перу құзырлы органдары іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе жазасын өтеу үшін бір-біріне тапсыра алады.

Заң мәтіні ресми баспа басылымдарында жарияланады.

Бұған дейін Қазақстан азаматтарын шетелден қайтару бойынша Кипр, Перу, Мысыр және Вьетнаммен құқықтық тетіктер қарастырылғаны белгілі. Сондай-ақ, құқықтық көмек туралы халықаралық келісімдер жасалған елдердің тізімі арнайы электронды картада көрсетілген.

Еске салайық, бұған дейін Интерпол арқылы іздеуде болған қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.