Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қатысты WBO-ға апелляция берді

Автор: Асыл Арман

Әлімханұлының апелляциясы қанағаттандырылған жағдайда кіммен жекпе-жекке шығатыны белгілі болды

Фото: boxing-social.com

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен оның командасы Бүкіләлемдік бокс ұйымына (WBO) қолданыстағы дисквалификацияға қатысты апелляция жолдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Boxing Social-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметтерге сәйкес, спортшы тарап допинг дауын қатысты санкция мерзімін қысқартуды немесе толық алып тастауды талап етіп отыр.

WBO президенті Густаво Оливьери апелляция қазір ұйымның тиісті органында қаралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, боксшы тарапында шешімді шағымдануға заңды құқық бар, ал түпкілікті шешімді заңгерлер мен лицензияланған мамандардан құралған арнайы комиссия қабылдайды.

WBO-да шағымдар мен даулар жөніндегі комитет істің материалдарын жан-жақты қарап жатыр. Қарау қорытындысы бойынша дисквалификация өзгеріссіз қалуы, жеңілдетілуі немесе толық жойылуы мүмкін.

Тергеу кезеңінде ұйым орта салмақта белсенділікті сақтау үшін уақытша чемпиондық титул енгізді. Осы мүмкіндікті британиялық Дензел Бентли пайдаланып, венесуэлалық Эндри Сааведраны мерзімінен бұрын жеңіп, WBO Interim белбеуін иеленді.

Болашақта WBO Бентли мен кубалық Йоэнлис Эрнандес арасында жекпе-жек өтуі мүмкін.

Егер Әлімханұлының апелляциясы қанағаттандырылса, ұйым оның Бентлимен жекпе-жегін жедел ұйымдастыра алады, ал Эрнандес міндетті үміткер мәртебесін сақтап қалады.