Алматыда Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр

Автор: Асыл Арман

Қаралы жиында зиялы қауым өкілдері, ақынның жақындары мен оқырмандары жиналды

Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметі

Алматы қаласында ақын Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен қаралы жиында зиялы қауым өкілдері, ақынның жақындары мен оқырмандары жиналды. Сол сияқты қоштасу рәсіміне Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының тапсырмасымен қатысты.

Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхаты оқылып, Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясы мен ұлттық руханиятқа қосқан зор үлесі атап өтілді.

Мәулен Әшімбаев ақынның ел мүддесін қорғаған қайраткерлігіне, азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегіне тоқталып, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.