«Самұрық-Қазына» Астананың қымбат қонақ үйлерінде «кофе ішетін» қызметкерлерін жұмыстан шығарып жіберген
Биыл жыл басында президент ұлттық қордағы осы мәселені сынаған еді
«Самұрық-Қазына» тобында персонал санын оңтайландыру жұмысы аяқталды. Оның барысында Астанада штаттың шамамен 10% қысқартылған. Бұл туралы қордың корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, алдағы өзгерістер қор құрамына кіретін нақты компаниялардың қызметіне байланысты болады.
«Самұрық-Қазына» тобына кіретін басқа квазимемлекеттік компанияларда қысқарту бола ма деген сұраққа келсек - біз бұл жұмысты аяқтадық. Иә, солай. Әрі қарайғы өзгерістер әрбір компанияның операциялық қызметіне байланысты. Қордың кәсіпорындар портфелі ауқымды, олар түрлі өңірлерде жұмыс істейді. Қажеттілік туындаса - штат санын оңтайландыру немесе ұлғайту туралы шешімдер әр компания деңгейінде қабылданады», - деді Ауғанов.
Ол бүкіл топ бойынша жаппай қысқарту күтілмейтінін атап өтті.
«Қазір барлық компаниялар бойынша жаппай оңтайландыру болады деп айтуға келмейді. Астана бойынша жұмыс аяқталды», - деп қосты басқарушы директор.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 10 ақпан күні үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен ұлттық компанияларда басқару аппараты шамадан тыс көбейгенін айтып, «сол жағалаудың адамдарына» толып кеткен құрылымды қатаң сынға алған болатын.
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Түскі уақытта қонақүйлерде отырып, пікір алмасып, шай-кофе ішіп отырады. Ашығын айту керек, олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады, тіпті күмәнді пікірталастарға да араласып жатады», - деген еді Тоқаев.