Дәрігерлер оны ерлер арасында темекі шегу, қозғалыс белсенділігінің төмендігі сияқты іс-әрекеттермен байланыстырып отыр
Қазақстанда жыл басынан бері инсульттің алдын алуға бағытталған жаңа скринингтік бағдарлама аясында 50 жастан асқан 82 мыңнан астам ер адам тексеруден өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ресми хабарламаға сәйкес, зерттеу барысында брахиоцефалдық қан тамырларына ультрадыбыстық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде шамамен 5 мың адамда бас және мойын тамырларының тарылуы анықталған. Мамандар бұл жағдайды инсульттің негізгі қауіп факторларының бірі ретінде бағалайды.
Ведомство дерегінше, мұндай өзгерістерді ерте анықтау ауыр асқынулардың алдын алып, науқастардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тексеруден өткендердің 72,7 пайызы ангиохирург кеңесін алған. Бұл көрсеткіш мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.
Қазақстанда ерлер мен әйелдердің өмір сүру ұзақтығы арасындағы айырмашылық 8 жылдан асады. Бұл, негізінен, ерлер арасында темекі шегу, қозғалыс белсенділігінің төмендігі сияқты қауіп факторларының жиі кездесуімен байланысты.
Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарынан бастап ерлер арасында ми қан айналымының бұзылуын ерте анықтауға арналған тексерулер екі жылда бір рет жүйелі түрде жүргізіліп келеді.