Шымкентте түнгі уақытта пәтерлерді тонап кетіп жүрген гастролер-ұрылар қолға түсті

Күдіктілер – Алматы облысынан келген үш азамат

Шымкентте түнгі уақытта пәтерлерді тонап кетіп жүрген гастролер-ұрылар қолға түсті
Фото: Polisia.kz

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен пәтер ұрылары тобын қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күдіктілер – Алматы облысынан келген үш азамат. Олар қала аумағында бірнеше рет ұрлық жасап үлгерген.

«Тергеу барысында олардың қылмыс жасау үшін иелері үйде болмаған кезді пайдаланып, көбіне түнгі уақытта ішке заңсыз кіргені анықталды. Қолды болған заттардың қатарында ақша мен алтын бұйымдар бар. Топ жоспарын орындау үшін рация қолданған. Осы арқылы олар бір-бірімен үздіксіз байланыста болып, рөлдерді бөлісіп, жағдайды бақылап отырған», – делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің барлығы ұсталып, қамауға алынды. Аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды қауіпсіздік шараларын мұқият сақтауға шақырады.