Шаруа қожалығының жерін мақсатсыз пайдаланған ер адам сот шешімімен жауапқа тартылды
Жамбыл облысында шаруа қожалығына арналған жер учаскесін иттерге арналған панажай ретінде пайдаланған азаматқа айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс Байзақ аудандық сотында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша қаралды. Сот материалдарына сәйкес, Т. есімді азамат 0,53 га жер телімін тиісті нысаналы мақсатына сай пайдаланбай, оны арнайы ғимараттары бар иттер панажайына айналдырған.
Бұған дейін уәкілетті органдар тарапынан анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілгенімен, талап орындалмаған. Іс барысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, кемшіліктерді жою бағытында шаралар қабылданып жатқанын жеткізген.
Сот кінәні мойындауды жеңілдететін мән-жай ретінде бағалап, ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескерді. Нәтижесінде азаматқа 5 АЕК көлемінде, яғни 21 625 теңге айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.