Астанадағы Республика даңғылында қозғалыс баяулайды: үш қиылыста жөндеу басталады
19–21 сәуір аралығында Астананың орталық бөлігінде жолдар ішінара жабылады
Астанада Республика даңғылы бойындағы бірқатар маңызды қиылыстарда жөндеу жұмыстары басталып, көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордадағы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, орташа жөндеу жұмыстары Республика даңғылы мен А. Иманов көшесі, Кенесары көшесі және Абай даңғылы қиылыстарында жүргізіледі.
Осыған байланысты 19–21 сәуір күндері аталған учаскелерде қозғалыс ішінара жабылады. Қала билігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысындағы өзгерістерді ескеруді сұрайды.
Жөндеу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады. Бұл шаралар қозғалысты реттеп, кептеліс пен қолайсыздықты барынша азайтуға бағытталған.