Елімізде теміржолшыларға арналған қолжетімді баспана бағдарламасы іске қосылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жаңа тұрғын үйлер кадр тапшылығы мен мамандардың тұрақсыздығы байқалған өңірлерде салынады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» Отбасы банкімен бірлесіп, өз қызметкерлеріне арналған қолжетімді баспана жобасын іске қосты. Жаңа бағдарлама еліміздің бес қаласын қамтиды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, жаңа тұрғын үйлер кадр тапшылығы мен мамандардың тұрақсыздығы байқалған өңірлерде салынады. Жеңілдетілген шарттармен пәтер алу мүмкіндігі келесі қалаларда қарастырылған:

  • Астана;
  • Қарағанды;
  • Павлодар;
  • Семей;
  • Қостанай.

Бағдарламаның басты ерекшелігі – баспана бөлу кезінде өндірістік қызметкерлерге басымдық берілмек. Яғни, тікелей теміржол желісінде жұмыс істейтін, пойыздардың үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ететін қарапайым жұмысшылар алғашқылардың бірі болып қоныс тойын тойлайды.

«Бұл бастама тұрғын үй жағдайын жақсартумен қатар, жергілікті жерлердегі кадрларды қолдауға бағытталған», – деп атап өтті ҚТЖ басшылығы.

Жақында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов осы бағдарлама аясында салынып жатқан нысандардың біріне барып, құрылыс барысымен танысты. Компания басшысының айтуынша, қолжетімді баспана мамандар үшін салада қалып, кәсіби дамуға қосымша серпін береді. Биыл бағдарламаның бірінші кезеңі іске аспақ.