«Жануар қаңғыбас болмауы керек»: Маңғыстауда бұралқы жануарларға қатысты заңға қандай ұсыныстар айтылды

Автор: Аягөз Құрмаш

Тұрғындар бұл тақырыпты белсенді талқылаған

Фото: видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына барып, бұралқы жануарларға қатысты заң жобасын жергілікті тұрғындармен бірге талқылады. Кездесу Ақтауда өтіп, оған қала мен аудан тұрғындары белсенді қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Талқылау шамамен екі сағатқа созылып, ашық форматта өткен. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, сұрақтар қойды.

Кездесу барысында жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту туралы ұсыныстар көтерілді. Жекелеген қатысушылар нақты нормалар әзірлеуді ұсынды, бұл ұсыныстарды қарастырылмақ. Сонымен қатар, бұралқы жануарларға қатысты бюджет қаражатының жұмсалуына байланысты сын айтылды. Атап айтқанда, жеке панажайларға бөлінген қаражаттың тиімділігіне күмән келтіріліп, оны тексеру бастамасы көтерілмек.

Еділ Жаңбыршин халықаралық тәжірибе бойынша мұндай мәселе қалай шешіліп жатқанын айтып, мысал келтірді.

«Құтырма ауруы бойынша әлемдік көрсеткіште бірінші орында Үндістан шамамен 36% үлеске ие болып көш бастап тұр. Бұл мәселені шешуде кейбір елдер «аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» моделін қолданған. Мысалы, Түркия да осы тәсілді енгізген. Алайда қазіргі таңда ол жерде шамамен 4–5 миллион бұралқы ит бар. Бұл кейбір мемлекеттердің жалпы халқының санымен шамалас. Соның салдарынан олар популяцияны толық бақылауда ұстай алмай отыр. Осыған байланысты Түркия 2024 жылдан бастап қайтарымсыз аулау тәсіліне көше бастады», – деді депутат.

Ресей де 2018 жылы осы «аулау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу» моделін қабылдаған.

«Бірақ бірнеше адамға, соның ішінде балалар мен әйелдерге жасалған шабуылдардан кейін бұл тәсіл қайта қаралды. Нәтижесінде шешім қабылдау құқығы федерация субъектілеріне берілді. Қазіргі таңда Ресейдің 16-дан астам өңірі қайтарымсыз аулау және эвтаназия тәсілін енгізген. Олардың қатарында Иркутсу, Хабаровск және басқа да облыстар мен республикалар бар. Жалпы, егер белгілі бір модель нәтиже бермесе, мемлекеттер басқа, өзін тиімді көрсеткен тәсілдерге көшеді. Мысалы, Америка Құрама Штаттары, Жапония, Оңтүстік Корея, Дания, Норвегия, Финляндия сияқты елдерде қаңғыбас жануарларды қатаң бақылау әдістері қолданылады», – депутат.

Оның айтуынша, Финляндияда Ресеймен шекарадан өтпек болған қаңғыбас иттер бірден жойылады, яғни олардың ел аумағына кіруіне жол берілмейді.

Маңғыстау облысында былтыр 18 мың бұралқы ит ауланған. Ал тұрғындар көшеде қаңғырған, топ болып жиналып жүретін бұралқы иттерге шара қабылдауы керек деп есептейді.

«Мал баққан адам өз малын қорғайды. Бірақ жануар қаңғыбас болмауы керек оның иесі, тіркеуі, чипі болуы тиіс. Өйткені қандай да бір қауіп туындағанда, мысалы, балаға шабуыл жасалған жағдайда, біз дереу оның кімге тиесілі екенін анықтауымыз қажет. Заң бойынша жауапкершілікті жануардың иесі көтеруі керек. Ал егер жануардың иесі болмаса, онда не істейміз? Оны асырау, күтіп-бағу үшін бюджеттен қаржы бөлінеді. Өз басым жеке үйде тұрамын, аулам қоршалған. Соған қарамастан, сырттан мысықтар кіріп кетеді. Осындай жағдайлардың бірінде балам зардап шекті мысық шабуыл жасап, оның бетінде әлі күнге дейін жазылмаған жараның ізі қалды. Қазірге дейін оның толық жазылған-жазылмағаны белгісіз. Бұл жағдайдың салдары болашақта қалай әсер ететінін де нақты айта алмаймын. Баланың денсаулығына қандай да бір зиян келуі мүмкін бе бұл да алаңдататын мәселе», – дейді ақтаулық әйел.

Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданған еді.