Шымкентте жолдағы жанжал төбелеске ұласып, ер адам пышақ жарақатын алды
Шымкент қаласының Сәуле шағынауданында ер адамдар тобы арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төбелеске жол үстіндегі жағдай себеп болған. Куәгерлердің айтуынша, ер адамдар арасындағы дау тұрғын үйдің жанында басталып, аз уақыт ішінде төбелеске айналған. Оқиға салдарынан 60 жастан асқан ер адам пышақ жарақатын алып, аяғы сынған. Сонымен қатар жанжал кезінде жүкті әйелдің жағдайы нашарлап, кішкентай баласы қатты күйзеліске түскен. Төбелескендердің бәрі ұсталды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Күдіктілер қамауға алынды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал жол қозғалысы кезінде туындаған, қатысушылар арасында қозғалысқа кедергі келтіру мәселесіне байланысты дау шыққан. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция қоғамдық орындардағы мұндай заңға қайшы әрекеттердің жол берілмейтінін және жазасыз қалмайтынын ескертеді. Кез келген құқықбұзушылық заң аясында қатаң түрде тоқтатылады», – деп хабарлады құқық қорғау органдары.