Алматыда өткен кездесуде партияның ішкі құрылымы мен халықпен байланыс тетіктері талқыланды.
Алматыда «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов бастауыш партия ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Жиында партия қызметін жетілдіру және халықпен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралғанын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуаныш Төлепов, аудандық филиалдардың қызметкерлері және бастауыш партия ұйымдарының белсенділері қатысты.
Басқосу партияның өңірлік деңгейдегі жұмысын қайта саралап, кері байланысты күшейтуге бағытталды.
Партия хатшысы Александр Данилов ашық диалогтың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай формат партияның ішкі сенімін арттырып қана қоймай, қоғамдағы нақты сұраныстарды дер кезінде аңғарып, соған жауап беруге мүмкіндік береді.
«Бізге осындай өзара диалог қажет. Бүгінде партия өзін сенімді сезінеді: шынымен де ауқымды жұмыс атқарылды және біз дұрыс бағытта жұмыс істеп келеміз. Партияның өзегі – өздеріңіз. Бізде хатшылар мен басшылар деген бөлініс жоқ. Бәріміз – партияласпыз», – деді Александр Данилов.
««AMANAT»-тың тұтас мемлекетті дамытуға қатысты толыққанды кешенді көзқарасы бар. Біз алдағы уақытта да барлық бағыт бойынша жұмысымызды жандандыра береміз», – деді партия хатшысы.
Жиында Халықтық Конституция бойынша өткен референдум қорытындылары да сөз болды. Александр Данилов бұл науқанға белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріп, нәтижені қоғамның сенімінің көрінісі ретінде бағалады.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде партия белсенділері маңызды рөл атқарған. Азаматтық ұстанымы берік, ел ісіне бейжай қарамайтын адамдардың жұмылуы жоғары нәтижеге жеткізген.
Сондай-ақ «Орталық филиал» БПҰ төрағасы Бақыткүл Иргембаева, «KazComfort» ұйымының жетекшісі Махамбет Асабаев және «Саялы» БПҰ төрағасы Гүлжан Бекенова партия жұмысын жандандыруға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті.