Аулада болған жанжалдан кейін қылмыстық іс қозғалды
Әлеуметтік желіде Шымкент қаласындағы аулалардың бірінде түсірілген видео жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға кешкі уақытта көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. Кадрларда әйел адамның қыз баланы шашынан тартып, ұрып, жанында тұрған көлікке соғып жатқанын көруге болады.
«Мен екіқабатпын! Мен жүктімін!» – деп айқайлаған жәбірленуші.
Жақын маңда болған ер адам жанжалды тоқтатуға араласып, әйелді тоқтатқан. Кейін олар подъезге кіріп кетті. Ал соққы алған жүкті әйел жылап қалған.
Шымкент қаласының Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған бейнежазба бойынша тексеру жүргізілген.
«Оқиғаға қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілді. Анықталғандай, жанжал көршілер арасында олардың балаларының арасындағы кикілжіңге байланысты туындаған. Жәбірленуші тарап арызданудан бас тартты. Соған қарамастан, дене жарақатын салу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.