Құтқарушылар ата-аналарға ескерту жасады
Орал қаласында жыл басынан бері көпқабатты үйлердің терезесінен екі бала құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Нұралы Мусиев мәлім етті. Оның айтуынша, балалардың бірі үшінші қабаттан, екіншісі екінші қабаттан құлаған. Екі жағдайда да өлім-жітім тіркелмеген.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес жасар бала 28 наурыз бен 13 сәуір аралығында облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөлімінде ем алған. Қазіргі уақытта ол неврология бөлімінде емін жалғастырып жатыр. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Ал алты жасар екінші бала 28 ақпан мен 11 наурыз аралығында ем қабылдаған. Қазір оның жағдайы тұрақты.
Нұралы Мусиевтің сөзінше, бұл жағдайлар мәселенің өзектілігін көрсетеді, әсіресе көпқабатты үйлерде қауіпсіздік шараларын күшейту қажет.
«Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – бәрімізге ортақ міндет», – деді ол.