Алаяқтар көлігі бар қазақстандықтарға жалған сақтандыру полисін сатып жатыр

Автор: Асқарова Қарлығаш

Қаржы нарығын реттеу агенттігі ескерту жасады 

Фото: istockphoto.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру қызметтерін интернет арқылы рәсімдеуге байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ведомствоның мәліметінше, кейбір сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар өздерін сақтандыру ұйымдарының ресурсы ретінде көрсетіп, онлайн сақтандыру полистерін рәсімдеуді ұсынады. Олардың қатарында автокөлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру да бар. Кей жағдайда мұндай полистер белгіленген тарифтен қымбатқа сатылатыны анықталған.

«Сонымен қатар мұндай қызметті ұсынып отырған жекелеген тұлғалардың агенттіктен сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ және олар сақтандыру агенті ретінде тіркелмегені анықталды. «Сақтандыру қызметі туралы» заңның 18-бабы 6-тармағының 2-бөлігіне сәйкес міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру агенттерінің делдалдық қызметіне жол берілмейді. Мұндай полистерді тек лицензиясы бар сақтандыру компаниясы арқылы тікелей рәсімдеу қажет», — деп мәлімдеді агенттік.

Осыған байланысты агенттік қазақстандықтарды интернет арқылы сақтандыру шарттарын жасасқанда сақ болуға шақырады.

Ведомство азаматтарға міндетті түрде сақтандыру ұйымының лицензиясы бар-жоғын тексеруді және күмәнді жарнамаларды ажырата білуді, полистерді тек ресми сайттар арқылы рәсімдеуге кеңес береді. Одан бөлек  міндетті сақтандыру бойынша делдалдарға ақша төлемеу, белгісіз шоттарға қаражат аудармау,  жеке құжаттардың көшірмесін немесе деректерін бөгде адамдарға бермеу сияқты әрекеттерге берік болды ұсынады.

«Тексерілмеген интернет-ресурстар арқылы сақтандыру шартын жасау жарамсыз полис сатып алуға әкелуі мүмкін. Соның салдарынан сақтандыру қызметі жасалмай қалуы да ықтимал», — деп ескертті агенттік.