Енді оны рәсімдеу толық онлайн форматқа ауысқан
Қазақстанда коммуналдық төлемдердің бір бөлігін өтеуге берілетін тұрғын үй көмегін алу процесі толық онлайн форматқа ауысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2026 жылдың 12 шілдесінен бастап халық бұл қызмет түрін «электронды үкімет» порталы – eGov.kz арқылы ғана тұтына алады. Өтініштер бір тоқсанда бір рет онлайн қабылданады.
Жаңа тәртіп бойынша өтініш беру үшін азамат порталда авторизациядан өтіп, тиісті қызметті таңдап, қысқа өтінім формасын толтырады. Қалған мәліметтерді мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелер арқылы өздері жинайды. Бұл түрлі анықтама жинау қажеттілігін азайтып, әрекетті жеделдетуге мүмкіндік береді.
Өтініштер жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қаралады. Шешім 6 жұмыс күні ішінде қабылданып, нәтиже пайдаланушының жеке кабинетіне жолданады.
Тұрғын үй көмегі коммуналдық төлемдердің белгілі бір бөлігін өтеуге бағытталған әлеуметтік қолдау түрі. Ол табысы төмен отбасыларға тағайындалады және әр өңірде есептеу тәртібі жергілікті бюджет пен бекітілген нормаларға байланысты анықталады.