Ұрланған малды заңдастырып келген: БҚО-да ұйымдасқан қылмыстық топ қолға түсті

Автор: Асыл Арман

Топ құрамында ветеринариялық дәрігерлер болған

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Батыс Қазақстан облысында ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері ұрланған малды заңдастырып келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Батыс Қазақстан облысында «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында мал ұрлығының алдын алу мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің құқықтарын қорғауда жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Прокуратураның нұсқаулар беруі және жасырын тергеу әрекеттеріне бастамашылық етуі арқылы облыс аумағында ұзақ уақыт бойы мал ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

«Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ветеринариялық дәрігерлер болғаны және олар ұрланған малды деректер базасы арқылы заңдастыру жолымен өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеуге белсенді түрде жәрдемдесуде», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Облыс прокуратурасы бұл жағдайдың осындай қылмыстарды жасағаны үшін жазаның бұл тартпастығын айғақтайтынын атап өтеді.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.