Полицейлердің бірі мұздай суға түсіп, әжейді алып шыққан
Солтүстік Қазақстан облысында 86 жастағы әйел мұзды суға түсіп кетіп, полицейлердің көмегімен құтқарылды. Оқиға түнгі уақытта Саумалкөл ауылында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметінше, әжей кешке үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Осыдан кейін көршілері полицияға хабар берген. Іздестіру барысында оны аудан орталығынан бірнеше шақырым жерде жол жиегінде тапқан. Белгілі болғандай, ол еріген қар суы жиналған тұсқа құлап кетіп, өздігінен шыға алмаған.
Полицейлердің бірі мұздай суға түсіп, әжейді көтеріп алып шыққан. Қатты тоңып, әлсіреген әжейге алғашқы көмек көрсетіліп, үйіне жеткізілді.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Қазіргі уақытта құтқарылған кейуананың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ.