«Салмағы – 5 келі, бойы – 55 сантиметр»: Қостанайда алып қыз бала дүниеге келді

Автор: Асқарова Қарлығаш

Нәрестенің салмағы 5 келі болып туған

Фото: istockphoto.com

Қостанай облысының Рудный қаласында ерекше жағдай тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жергілікті тұрғын  салмағы  5 келіден асатын қыз баланы өмірге әкелді. Рудный қалалық көпсалалы ауруханасының мәліметінше, нәресте перинаталдық орталықта 10 сәуір күні дүниеге келген. Сәбиге Ляйсан есімі берілді. Оның салмағы – 5190 грамм, бойы – 55 сантиметр.

Дәрігерлердің айтуынша, әйел кесарь тілігі арқылы босанған. Операцияны тәжірибелі  акушер-гинекологтар жасапты. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы.

Сәбидің анасы Индира жүктіліктің соңғы апталарында мұндай нәтижені тіпті күтпегенін айтады.

«37 аптада УДЗ-дан өткенімде, дәрігерлер қызымның салмағы шамамен 3700 грамм деді. Бірақ 41 аптаға дейін ол 5 келіге дейін өседі деп ойламадым. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Қазір қызымыздың жағдай  жақсы, тәбеті де жаман емес. Жиі еміп жатыр», - дейді ол.

Бұл сәби Индираның екінші баласы. Оның тұңғышы 3100 грамм салмақпен дүниеге келген.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Рудный қалалық перинаталдық орталығында салмағы 5 келіден асатын төрт сәби туған. Мамандар мұндай жағдай сирек кездескенімен, медицина үшін қалыпты құбылыс екенін атап өтті.