Ведомство өкілдері қаражаттың түсу процесі бақылауда екенін мәлімдеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтіміне байланысты төлемдердің кешігуіне қатысты шағымдарға жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желілерде аналардан бала күтіміне байланысты төлемдердің түсу мерзіміне қатысты келіп жатқан өтініштерге байланысты ресми түрде мәлімдейміз: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының дерегіне сәйкес, мемлекеттік қаржыландыру жүйесінде ешқандай іркіліс жоқ», – деп мәлімдеді министрлік.
Министрлікте төлем кестесіндегі аздаған ауытқу тек техникалық сипатта екенін және бұл демалыс күндеріндегі банктік операцияларды жүргізу ерекшеліктеріне байланысты болғанын түсіндірді.
«Жұма күні жіберілген қаражат дүйсенбі күні Мемлекеттік корпорацияның шоттарына түсті. Бүгіннен бастап қаражатты алушылардың банк карталарына кезең-кезеңімен тікелей аудару басталғанын хабарлаймыз», – делінген хабарламада.
Еңбек министрлігі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының азаматтар алдындағы барлық міндеттемелері толық көлемде орындалғанын, әлеуметтік төлемдер бойынша ешқандай берешек жоқ екенін атап өтті.
«Қаражаттың түсу процесі бақылауда. Жақын уақытта барлық алушыға ақша түседі», – деп қосты ведомство.