Дәрігерлер ер адамды бес сағаттық клиникалық өлімнен кейін аман алып қалды
Якутияның Мирный қаласының тұрғынын дәрігерлер бес сағатқа созылған клиникалық өлімнен кейін аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Yakutia.aif.ru-ға сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ер адам 20 градус аязда үйіне қайтып бара жатқан. Якутия үшін мұндай температура айтарлықтай қатты аяз саналмайтындықтан, ол жеңілдеу киінген. Жолда келе жатып аяқтарының «мақтадай» болып бара жатқанын сезген. Содан сәл тынығып алмақ болып, орындыққа отырып көзі ілініп кеткен.
Оны өтіп бара жатқан адамдар байқап, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген дәрігерлер үсік салдарынан клиникалық өлім болғанын анықтаған.
Науқасты қалалық ауруханаға жеткізіп, денесін біртіндеп жылыта бастаған.
«Мұны өте баяу жасау аса маңызды: тек осылай ғана ең ұсақ қан тамырларының өзін сақтап қалуға болады. Өйткені олардың зақымдануы инфарктқа, ми ісінуіне, бүйректің істен шығуына, соның салдарынан өлімге әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді дәрігерлер.
Дәрігерлер дене температурасын 24 градустан төрт сағат ішінде өмірге қауіпсіз 34 градусқа дейін көтерген. Одан кейін жүрекке жанама массаж жасай бастаған. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, қан айналымын ынталандыратын дәрілер енгізген. Осылайша мамандар науқастың өмірі үшін күрескен.
«Зардап шеккен адамның өмірі бес сағаттан кейін қайта оралды. Ағзаға болған жағдайды жеңілірек өткеру үшін оны жасанды комаға түсірдік», – деді дәрігерлер.
Ер адам келесі күні есін жиған. Дәрігерлердің бақылауымен ол стационарда тағы бес күн ем алып, содан кейін үйіне қайтуға рұқсат алған.