Астанада көпқабатты тұрғын үй өртеніп жатыр (ВИДЕО))

Өрт электр қалқанынан шығып, тұрғындар шұғыл эвакуацияланып жатыр

Астанада көпқабатты тұрғын үй өртеніп жатыр (ВИДЕО))
Фото: ҚР ТЖМ

Елорданың Нұра ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде электр қалқанынан өрт шығып, құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Осы сәттерде елордалық өрт сөндірушілер Нұра ауданындағы Күлтегін көшесінде орналасқан 10 қабатты тұрғын үйдің электр қалқанындағы жануды сөндіріп жатыр. Алғашқы бөлімшелер жеткен кезде подъезде қою түтін байқалды», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, дереу өрт сөндіру оқпандары беріліп, өртті толық сөндіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

«Судың үздіксіз берілуі қамтамасыз етілді. Үй тұрғындарын эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы нақтылануда», – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта 112 нөміріне зардап шеккендер туралы ақпарат түспегені белгілі болды.

Мақалада
#Астана #өрт #ТЖМ